Терезенің жарығы
Дүкенбай Досжан
Published by Dukenbai Doszhan at Smashwords
Copyright © 2011
Smashwords Edition, License Notes
All rights reserved. No part of this publication may be reproduced, stored in a retrieval system, or transmitted in any form or by any means, electronic, mechanical, photocopying, recording or otherwise, without the prior permission of the copyright owner.
Астана,
«Фолиант» баспасы, 2009 жыл
Таңдамалы әңгімелер
МАЗМҰНЫ
Ә. Кекілбайұлы. Жақсылық диқаншысы
Қызылқұмның желі не деп жылайды?
Жарық көрген кітаптардың қысқаша библиографиясы
Адам естелікпен өмір сүреді. Ескеріле жүрсек деп ұмтылады.
Өткен ғасырдың 60 жылдар басында қаздай тізіліп Алматыға келіп, біріміз – ғалым, біріміз – атақты жазушы боламыз деп, арманның биік асуына баспалдақ қойған кезде ұшырасқан, шүйіркелескен, кейінше арамыздан қыл өтпестей боп достасып кеткен; Әуезовтің сөзімен айтсақ: «Толыспаған толстойлар мен шала шекспирлердің» бірі – осы Дүкенбай Досжан еді. Ол кездегі Алматы қандай?! Нөсерден соңғы саябақтай! Таудан төңкеріліп жеткен бұлт саусақ сұққандай қалың сорасын төгіп өткенде шаңы жуылып шуақтанған үйлер... тастан-тасқа секірген арық сылдыры мен бетінің сүт шұқыры ойылған қыз күлкісі еш айырғысыз... тістеген кезде әппақ сүті шыққан апорт алма... «Ә, бала, келіп қалдың ба?» – деп сәлемімізді жылы қабылдайтын әдебиет ақсақалдарының көбінің көзі тірі ол кезде – балағымен шаң сыпырып, етек-жеңі шұбалған костюмнен шіби қоразға ұқсап мойны қылқиып жеткен біздерді – нақа бір құда баласын көргендей – жылы ұшырап қауқылдасатын. Сол корифейлердің қолына су құйып, батасын алғанға мәзбіз. Басқан жері ойылып түсердей болып жүретін сол ағалар қайтіп қана жер қойнына сыйып жатыр десеңші!
Кісі топырағына тарта туады. Базбір кісіні есіңе алсаң – сол адамның өскен, өркен жайған туған жері мөлдірегеннен мөлдіреп көз алдыңа келе қалады. Енді, керісінше, әлгі жерлерді есіңе алып елестетсең-ақ – сағымның арасынан шыққандай болып сол өлкенің азаматы ойыңа орала кетеді. Мұндайда жер мен азаматты бөліп қарастыру қиын. «Туған жерден кіндігі үзілмеген» деген осыдан шыққан болар. Дүкенбайдың туған жері – ұзын аққан Сырдария мен жаралы жолбарыстай көлденең сұлаған бүкіс белді Қаратау арасы. Шыжыған күннің астындағы ұлан-асыр жусанды жазық. Жаңақорған жері. Сағымданған даңғайыр далада киіздей қалың жусан, тау іші ат тұяғын жемірген жоңқа тас; мұнда бірбеткей ұйымшыл, жанпида сірі, тастай төзімді малшы, диқан қауымы тіршілік етеді. Қыр беткейге керіз қазып, кетпенмен су жетелеп, сөлі сорғалаған өрік, інжір, шабдалы, қауын, қарбыз егеді, терін емеді.
«Жазмыштың жазуы» естелігінде жазушы балалық шағын төмендегіше тербейді: «...Шешемнің айтуынша, үш-төрт жасқа дейін тілім шықпапты. Өзіммен айналысатын адам болмаған. Әке – колхоз төрағасы – ылғи ат үстінде, шеше – қасына әйелдерді алып, қырдағы егінші, ойдағы шөпшіге білегінен шелегі түспей, жүз қаралы бие сауып етегіне сүрініп жүргені. Ертеңгісін киіз үй іргесіне тулақ төсеп, мені сол тулаққа отырғызып кетеді. Қолыма екі тас береді. Екі тас – ойыншық. Бірін-біріне ұрыстырып отырып, шекені шаққан күнге қалғып-мүлгіп құлап қалады екенмін. Күн еңкейе үлкендер келіп ішке кіргізіп қояды... Ертеңгісін тамақ беріп, кешегідей қолыма екі тас ұстатып, сыртқа шығарып кетеді...» (Д. Досжан. Шығармалары. Алматы, «Жазушы», 2007, 290-бет).
Бізді ең әуелі табыстырған әлгі айтқан жазушы ағаларымыз жүріп өткен – тауқыметі мол, бұрылысы мен бұралаңы жетерлік, асфальт жолға еш ұқсамайтын, бірде етекке құлдырайтын, келесіде қайқайып қырға биіктейтін шығармашылық жол еді. Сосынғы табыстырған – қиындығы мен қызығы қатар алмасып келіп жататын, тыныш жүрейін десең де тыныш жүргізбейтін, демалайын десең де демалғызбайтын, қамсыз, мұңсыз жүрейін десең де – еш мүмкіндік бермейтін шығарымпаздықтың сор азабы еді. Ұлы мәртебелі әдебиеттің сор азабын бастан өткере жүріп бір-бірімізді біле түстік, қуанышты, қайғыны қосыла бөлістік. Бір-бірімізді оқып, сынап, мінеп, көз ұшындағы көкжиекте бұлдырап көрінген шеберлік ауылына ат басын бұрдық.
Дүкенбайдың төлбасы шығармалары – «Отырар», «Фараби» атты тарихи хикаяттар. Университет қабырғасынан шығар-шықпаста жазды, оқырман қауымды «қазақ та қала салған, қаласында дегдар даңғылдар болған екен-ау» дегізіп елең еткізді. Ең әуелі жас жазушының сол дәуірдің қалыбын, бояуын тап басып тани білгені; бағзылардың реніш-қуанышын нанымды суреттегені; сөз саптауын, сөйлеу ырғағын, тіршілік базарын айнадан көріп тұрғандай құп елестеткені; кейіпкердің мінез-құбылысын «құйып келтіргені» сүйсінтті. Кейіпкерінің тынысымен тыныстап, жүрек бүлкілін тамыршыдай тап басып танығаны ерекше еді. Ат үстінде ойқастаған ожарды емес, кіндік жұртының уәйімін жеп, мұңын мұңдап, зарын шеккен перзенттерді елестеттік. Дүкенбайдың көркем кестесінде «Отырардағы» – Арыстан, «Фарабидегі» – Әбу-Насыр кәдуілгі жер басып, кеуде кере тыныстап жүрген, дәстүрлі дүниетанымы, кісілік ұстанымы қалыптасқан кейіпкер биігінде сомдалды. «Тарихи шығарма жазғанның жөні осылай» деп дереккөзге қол арта беру – жеткіліксіз еді. Бұған жарыса парасатты пайым, ұлттық ұстаным, түймедейден түйедей пәлсапа түйетін хаткерлік қажет еді. Хаткерлік сыннан автор қаламы төселген суреткердей сүрінбей өтті. Көкейге құп ұялаған, мөлдіретіп сурет салған көркемдігімен алды. Өрмегі қалың тіл қолданысымен баурады.
«Жібек жолы» романының алғашқы басылымына редактор болған Рамазан Тоқтаров қолжазбаны талқылау хаттамасында өз ойын төмендегіше өрбітіпті: «Бұл өзі бұрынғы «Фараби», «Отырар» повестеріне мүлде ұқсамайды, құрылымы бөтен, сөз саптауы сара, фабула – беломыртқасы Шыңғысхан жорығынан кейінгі Ұлы Жібек жолының тоқырауы, даңғылдан сүрлеуге айналуы, Ұлы Дала перзенттерінің алауыздық, бақталастық, жалғандықтан шілдің қиындай азып-тозуы пәлсапалық толғаммен көркемделеді. Отырардың жер асты құжырасында етек алған нашақорлық, жалақорлық, зинақорлық, бәлеқорлық Дешті-қыпшақ өркениетінің түбіне жеткенін көзбен сүзіп, көңілмен иланып жиренесіз...» Автор тарихи кейіпкерлерге қосымша, өз мақсұтын айқындай түсуге қиялдан алған он шақты кейіпкерді «іске қосып», түпқазық мұраты – зайырлы зиялылық, парасатты пайым туралы өрелі ой түйеді.
Қаламгер романды 27-28 жасында жазды. Алғаш «Жазушы» баспасынан 1973 жылы алпыс мың таралыммен орысшаға аударылып, 1983 жылы «Дружба народов» журналының қосымша жазылымы жүйесінде үш жүз мың данамен басылып шықты. Іле-шала шығарма неміс, мадияр, украин, монғол, түрік, пұштын тілдеріне аударылып, сол елдің өз баспаларынан жарық көрді. Роман туралы сол уақытта тәжік Зұлфықаров, түркімен Жұмагелдиев, қырғыз Қасымбеков, әзірбайжан Анар, армиян Грант Матевосян, молдаван Ион Друцэ, орыс Иван Уханов жылы лебіз жазды.
Көркем ойлайтынның сиясы майданда опат болған мың жауынгердің қанымен өлшенеді дейді көн кітапта.
Дүкенбай бір әңгімесінде жүректі құмыраға теңейді. Дүние тіршілігінде әлгі құмыраға қолға түскенді теріп сала береміз... Сала береміз... Бір белдің үстіне шығып, тыныс алғанда, әлгі құмыраны иықтан дүрс түсіріп, ой-хо-ой, дүние деген!.. Қазына көріп арқалап жүргеніміз не нәрсе деп... ішіне үңіліп қарасақ қой... зілдей ғып малданып арқалап жүргеніміз, әншейін, түкке алғысыз кәкір-шүкір болып шығады. Жүрек-құмыраға не болса соны жинай беруден сақтандырады жазушы.
Жүрегіне сөз қасиеті қонған, табиғатына тарта туған, «болсын» деген ілгергі тілеумен жүретін, баладай – аңқау, анадай – адал, ерекше дарын иесі – сөзден сөйлем, сөйлемнен – сурет көркемдеген жақсылықтың диқаншысы болып елестейді көзіме. Мұндай кісі зұлым болмайды, жаулық жасамайды. Жасайын десе де, қолынан келмейді. Жан әлемі шыны секілді – арғы-бергісі көрініп тұрады. Қызғаныш, аярлық, пасықтық сезімнен ада-күде, өз шайтанымен өзі өмір бойы алысып, жауласып өтуге бар. Үнемі басқыштап биіктеуге ұмтылады. Кемелденуден жалықпайды. Жазушы қаламынан туған кейіпкерлер: Қыдырма, Шортанбай, Ошақбай, Асанәлі, Тойболды, Яғымус, Оразалы – осы сөзіміздің дәлелі. Мәңгі ұйқыда жатқан бабалардың ауыр мұңын жан дүниесімен сезіну... ет жүрегімен езілу... фәнилік пен бақилықтың шекарасына терең толғанып «көз жіберу...» – қасиетті көркем сөз қонған қаламгерге, ілкі сөз иелерінен қалған көне жұрнаққа ғана тән мінез екеніне көз жеткіземіз!
Бұл күнде кітап теңіз. Шын жазушы мен жамаушыны айыра жүретін безбеннен айырылдық.
Сөз – сиқыр. Сөйлеу – өнер. Жазушылық – ұлы уәйім, шер тарқату. Сол уәйім, сол шер жазушының жүрегінен тепсініп шыққан тас кәусардай көп әңгімеден көрініс табады.
Баяғыда перғауындар бақилық болған перғауынның дереу кеудесін жарып, жүрегін алып тастап, орнына асыл тас салып балауыздайтын болған. Ондағысы, әлгі өлген перғауын Жаратқан иенің алдына барған кезде – сол перғауынның көзі тірісінде я біліп, я білмей істеген күнәсін жүрек шіркін Бас Иеге айтып қояды деп қорқады екен. Сол секілді Дүкенбай Досжан жүректің лепесін сияға малып жиырмаға жуық мөлдіреген хикаят жазды, кейіпкер жаратылысын жарқ еткізіп жүздің үстінде әңгіме туғызды. Бұлардың бәрін жіпке тізіп, ғылыми еңбек қорғап жатқан ғалымдар легі бір шоғыр.
Асылы, Дүкенбай қалай жазады?.. Қолтаңбасы несімен ерекше?..
«Өз басым көңілдегі күпті ойды қағазға түсірер кезде – әуелі сол нәрсені... сол ойды елестетіп алуға тырысамын. Елес – бірде алыстап, бірде бұлдыр тартып айқындала қоймайды. Бір сағат тапжылмайсың, екі сағат тапжылмайсың... ақырында әлгі елес сұлба-суретке айналады. Сұлба-сурет «тіріліп», өзге дүние ұмытылады. Енді инеге жіп сабақтағандай, қалам ұшына ойды сабақтап, қиялды үзіп алмай... сөзден – сөйлем, сөйлемнен – ой ағыны, ой ағынынан – сурет, суреттен – мінез, мінезден – болмыс... болмыстан – әрекет тәспідей тізіліп құйылып шыға береді» (Д. Досжан, сонда, 404-бет). Жазармандықты, жазғыштықты мұрат тұтып, сыңарезулеп тарта бермей, нағыз шығарымпаздық көркем сөз кестелеуді кәсіби деңгейге көтерген қарасөз тарланының бірі – Дүкенбай Досжан деп біліңіз.
Бағзы данагөйлер дүниеде өлмейтін үш нәрсе бар дейді. Бірі – халықпен мәңгі жасасып келе жатқан қадым тіл, екіншісі – ұрпақ жалғастығы, үшіншісі – кісіге жасаған жақсылық. Өңгесі көкжиектегі иретілген неғайбіл сағым. Академик Маррдың айтуынша: «Тіліне қарап халқын ал». Дәлірек айтсақ: тілі құнарлы, морфологиялық қолданысы, синтаксистік сұлулығы келіскен тіл мәңгілік. Осы мәңгіліктің бірі – қазақ тілі болса – сол тілдің мәйегін тел еміп – ұлт мінезінің лүпілдей соққан жүрек соғысын қағазға түсіруден опалы не бар дейсіз?!
Дүкенбайда бәрімізден ерекше бір қағаз бар. Ол – Республикалық кітап палатасының «Ең көп оқылатын жазушы» деген куәлігі. Сол қағазды былайғы жұрттың жарқыраған ордені, медалінен биік қойып, тозығы жетіп жыртылғанша қалтасынан тастамай, басына жастап кәделеп жүргені. «Бұл менің саусағымның сүйел болып, көз майымның сарқылып кітап жазғанымның қарымтасы ғой», – деп мақтанады кісіге.
Дүкенбайда бәрімізден ерекше бір мінез бар. Ол – күншуақта жалаңбас сағаттар бойы отырып ой кешуді ұнатады. Сол ойының ізін суытпай қағазға түсіргенше сырт дүниені мүлде есінен шығарады. Жанпида сірілігі – баяғы, бала кезгі, күншуақта, кең дүниені көзіне сыйғызып күнұзақ тапжылмай отырғанынан қалған өзгеше мінез. Жазушылықты, шығармашылықты базбіреулер бәйге жарысына теңеп жатады. Меніңше, Дүкенбай шығармашылығы бәйгеден гөрі, ат үстінде ойқастап қол төңкерген жорыққа келеді. Қалыбы бөтен, екпіні дүлей қол. Әр қырқаның басынан бұлт болып көтерілген шаңды, жер еңбегін тесіп жібергендей дүбірді сезсек – ол мына Дүкенбай Досжан бауырымыздың ұлы жосқыны деп танығанымыз жөн. Дүбірің басылмасын, жұлдызың жоғарылап жана берсін деп тілейік.
Әбіш Кекілбайұлы
Бұл өзі ескі әңгіме болғанымен ойға азық ұлы тараудың басы.
Есте жоқ ескі мезгілде, Балқы жерінде Жалаледдин Руми есімді ақылгөй, әңгімешіл, бәйітшіл, қауырсын қаламы көптеген кітаптар туғызған білімпаз кісі өмір сүріпті. Әлгі кісі уақытының көбін қолжазбалар сақталған кітапханада өткізіп, түрлі хикаяттар жазыпты. Өзін-өзі пендешілік көп нәрседен тыйыпты. Сұқ саусағы сүйелденіп ертеден қара кешке дейін қағазға үңіледі. Кітапхана іші көбіне қаракөлеңке болып, көзі сіркеленіп жанарының нұры ерте қайта бастапты. Жылдар өте пендешілік нәпсіден бойын аулақ салып, беті жылтыр, бөксесі бұлтың ұрғашыға көңіл бөлуден мүлдем тыйылыпты. Байлық жинасам, жарқырап киім кисем, дәмді тамақ жесем, көңіл көтеретін шәрбат ішсем деген ойдан құлантаза арыла бастапты.
Әйтеуір аяғым жеткен жерге, өзімді білмейтін елге ойым, қиялым, дінім, дегенім жетсін деп ақ қағазға мөлдіретіп сөзден сурет салып, түрлі қызық әңгіме жаза беріпті, жаза беріпті.
Көркем сөзден кесте тоқу оңай ма?! Әрі-беріден жазғанда көз жанары қанталап, саусағы сүйелденіп, шеке тамыры лыпылдай соғып, талығып кетеді. Тамақ ішуді ұмытып, үңірейіп жүдейді. Көршілер: «Бүгін хан сарайында жарты әлемнен жиналған білімпаздар сайысы болады екен, әлгілердің әрбір сөзі інжу-маржан секілді, естіген де арманда, естімеген де арманда», – деп бар тәуірін иықтарына іліп кетіп бара жатады. Бұл көкең қоржын тамның түкпір бөлмесіне еніп алып, малдас құрып, кеудесінен келетін жозыға етпетінен сұлағандай болып, өзегі талғанша жазу жазып шұқшияды. Өзінен талай бұрын өткен небір ғажайып бәйітшілердің ұйқасын, ырғағын көлемді кітапқа арқау етіп сүйкектетіп отырғаны.
Алыс сапардан саудагер танысы оралыпты. Әлгінің әңгімесінің әрпі бөтен: «Ой, пәленше, қаракөлеңке үйде қағазға көміліп қалыпсың. Пәлен жерде алтын қақпалы хан сарайын тамашаладым, түген елде буыны сүйексіз жүз сұлудың биіне балқып, есімнен тандым», – деп төндіргенде бар ғой, мына пақыр Жалаледдиннің қызыққаннан көз алды жасаурап кетті.
Өзі құралпы тайдай туласып қатар өскен құрдасы үйінің тұсынан көлденеңдеп өтіп бара жатып соғыпты, әңгімесінің әрпі бөтен: «Ой, Жәке, бәйге атын жаратып, баптап, тазының баласындай етіп көрші түрікпендердің аламан бәйгесіне қосып едім, бес түйе бастатқан, қос құл жетелеген жүлдені жеңіп алдым, бір күнде байбатша болып шыға келдім», – деп даурыға мақтанып біраз уақытын бөлді. Үйді басына көтеріп домбыраға қосылып ән салды. Қазір барып базардан бағлан сатып әкелем, қос кәнизак қызмет жасап, көңілімізді табады, біреуі палау пісіреді, келесісі белі үзіле жаздап би билеп, көз алдыңда өнер көрсетеді деп... қараптан-қарап бұзылып, нәпсілік құлқы жеңіп барады ма. «Тіфә!.. тіфә!.. Беті аулақ кәпірдің, қыпша бел кәнизакқа аңсарым аумай, қара талқанға қақалып отырып кітап жазғаным опалы тірлік шығар» деп қиялын қайтара жинап алды. Ой түбінен ой терді.
Қонағын әзер деп қақпадан өткізіп шығарып салды. Үйіне қайтып келе салып қауырсын қаламын сияға малды. Ақ қағазға сөзін маржандай тізіп төгілдіріп отырған кезде есігін әлдекім тағы қақты.
Келіп тұрған медреседе бірге оқыған жолдасы екен. Кейінгі жылдары бұл жолдасы қасиетті Қағбаға барып, қажы аталып, басына дағарадай сәлде орап, машайық софы болып кетіпті деп естіген. Тәспісі шұбатылып үйге енді, төрге шығып малдас құрды. «Әрқалай іске талпын-талпын ба, нәтижесі не болары бәрі Алладан, бір Алланың әмірінен», – дейді ыңырси тіл қатып. Ақ құманды қайнатып, үстіне көк шай салып, кесеге құйып қонағына ұсынды. Машайық молда асықпай шайды мейізбен ішті. «Бір Аллаға құлшылық еткеннен басқаның бәрі өткінші, – дейді ыңырсып. Кітап жаз-жазба – бәрібір, миғұла кісіні жақсы сөзбен демдеп ақылды ете алмайсың». Тәспісін екі қайтара бармақпен теріп шықты. «Ал, жүремін, бір Алланың шапағаты арқасында бұйырған несібеңді теріп жеп жүр екенсің, іншалла, бағытың дұрыс, әйтсе де көп кітап жазамын деп көк ми болып – Жаратқан иені есіңнен шығарып жүрме», – деп құлқуалласын үш қайырып, үні құбылып аруақтарға бағыштап құран оқыды.
Сәлдесін қайыра төбесіне үйіп, кебісін киіп, тәспісін тырсылдата теріп, қош айтысып шығып жөнелді. Машайықтың уағызы, сөзі кеудесін қысып жібергендей сезілді. Есік пен терезені қоса ашып үй ішін желдетіп алды. Малдас құрып, сілкініп, қалам мен қағазға қайыра үңілді, жақсы сөз бен көз майымды аямайын деп бекінді.
Осы оймен Жалаледдин кітап жазуға кірісіп кетті. Ертеңгілік сәрілік ас ішуді ұмытты. Жозы үстіндегі қағазға аш күзенше, сұрақ белгісінше бүгілді. Мезгілдің қалай сырғанап өткенін білмеді. Алыс-жақыннан мұның үйіне бас сұғып, сәлемдесіп: «Хал сұрасып шығайыншы», – деген ағайын кісілердің мына жазушының сөзден, бөтен әңгімеден саппа тыйылып, тұйықтанған мінезін, сұрын көріп, «о, тобалап» түңілді. Тезірек кетіп қалуға асықты.
Жалаледдин бір күні есік алдындағы дөңгелек шағын әуіз жиегіне текемет төсеп, жозысын құрып, бас көтермей жазуын жазып отырған. Ту сыртынан оқыс үн шығады. Бұрылып қараса, жұпыны киінген, сырықтай ұзын, қолында асатаяғы бар бір кісі келіп төніп тұр. Әлгінің жанарында алмас бар ма деп ойлады. Қараған кезде назары тұла бойыңды тінткілеп кетеді екен. Көктен аяғы салбырап түскендей бұл неғылған керемет деп аңқиған күйі отыра беріпті. Әлгі жанарының оты мол кісі кие сөйлеп, сауал тастады.
Неғып отырсың, мүсәпірім?
Мүсәпір емеспін, әйгілі жазушымын. Алыс-жақын осы жұрт есімімді түгел жатқа біледі. Алты жыл болды: былайғы өмір-өмірге жететін ғажайып кітап жазып жатырмын, мұнда ақылды сөз, әдемі нақышты саз, ырғағы мол бәйіт, әсерлі бояу түгел қамтылған.
Кәне, әкелші, оқып көрейін, – деп әлгі алмас жанарлы кісі қолын созды.
Бұл қарсылық білдірместен қолы қалтырап, қалың көн кітапты көтеріп әлгі әулиеге ұсына берді. Ішінен ойлаған: «мынаның пысы басқаны сонша – неге жөн сұрамастан, құлақ қақпастан айтқанын істеп отырғаным қай сасқаным? Мұндай да тосын әссер болады екен-ау, сірә!» Әлгі әулие кісі тікесінен тік тұрған қалпынша көн кітапты аударыстырып оқи бастады, бір мезетте қабағына бұлт түйілді. Басын шайқап, қолындағы кітапты тарс жауып әуіз ішіне лақтырып жіберді.
Жалаледдин шошып кетті. Суға батып бара жатқан кітабына тұра ұмтылды. «Алжығаннан, адасқаннан саумысың, әй! Кісінің алты жылғы еңбегін лақтыруға қандай хақың бар!» – деп әкеден сыпыра боқтап, ұрып жіберуге шақ қалды. Әлгі асалы, сақалды жалаң бас кісі таяғын көлденең көтеріп мұның кеудесіне тіреді. «Сабыр қыл, – деді, – кітабыңды қазір қайта алып беремін». Сөйтті де ұзын таяғын көстең еткізіп әуізге салып жіберіп, әлгі судағы кітапты іліп алып, шетке шығарды. Таяғының ұшымен Жалаледдинге ұсынды. Жалаледдин көн кітапты жалма-жан ала сап парақтап шықты, аударып қарады, құп-құрғақ. Судан шыққан кітапқа ұқсамайды.
Таң қалғаннан үні шықпай қалғаны. Бұл келіп тұрған кісі тегін адам болмағаны. Барша жан-тәнімен өлшеусіз сыйлауға мойынұсынды.
Кітабыңды суға лақтырғаным: ішінен өтірік сөздер көріп қалдым. Жазған нәрсем өмірлі мәңгілік болсын десең – жалған сөз қоспағаның ләзім, – дейді әулие сабырлы үнмен, – халық кітап сөзіне балаша иланады, әйтсе де жалған сөз жадынан тез шығады, шыншыл сөз кісінің есінде мәңгілік сақталады, жатталады. Осыны ұққаның жөн, пірәдарым.
Ендеше алты жыл бойына жазған осынша еңбегімді отқа жағамын да, қайта бастаймын. Жұқа болса – жұқа болсын, көріксіз болса – мейлі, әйтеуір басынан аяғына дейін шыншыл сөзбен жазылуына ден қоямын, ұстазым!
Әлгі әулие кісі сақалын салалап, басын оң иығына қондырып, батар күнге қарап ойланып біраз тұрды. Сосын қоңыраулы үнмен тілге келді.
Жақсы кітап жазу үшін шыншыл оқиға, ақиқатты ой, ғажайып сөз теру аз әлі, – дейді баяу үнмен.
Тағы не істейін, әулием?.. Бас ием!.. Пірге жығыл десең – жығылайын, құбылаға бас қой десең – бас қояйын, шылауыңа ілесейін, әйтеуір өлтірсең де жақсы кітап жазуды үйрет, әулием!
Ендеше соңыма ілес, – деді де әлгі ұзын кісі асатаяғын көстеңдетіп жүре берді.
Жалаледдин қауырсын қаламын, қағазын, сия сауытын жалма-жан қоржынның басына тоғытып әлгі кісінің соңына ілесті. Асыққаны сонша, есігін кілттеуге мұршасы болмады. Қақпасы ашық қалды.
Әулие артына бұрылып қарамаған күйі күн батқанша жүрді, үлкен тауды бетке алып ай жарығымен көп аяңдады. Түн ортасы ауа бір бұлақ басына кідірді, екеуі де үнсіз, әулие қоржынынан қатқан таба нан шығарып бір үзіп бұған берді. Тастай суға уыс толтырып шөлін қандырды.
Аз дамылдап, сирақ созып демалып алған соң, қайыра жолға шықты. Тауды бетке алып тіркесіп, жаяулатып көп жүрді. Оң иықтағы табақтай ай бозарып таң белгісі білінді, бозторғай шырылдады. Бұлар биік қыратқа көтерілген кезде ажары ашылып ағарып таң атты. Ылди бет алқап екен. Ақ шаңқан әдемі қала сұлбасы шалынды. Әулие қала жаққа қаратып таяғын көтерді.
– Қала жаңадан ояна бастады. Сен бар да шаһар ортасындағы үлкен дүкеннен арақ сатып алып кел. Өзім осы жерде күтіп отырамын.
Мына сөзді естіген Жалаледдин шошып кетті. Жауырын ортасынан суық тер құйылып, жанары жасаурады. Қапелімде үні көмескі естілді.
– Тақсыр, қаладағы жұрттың көбі өзімді біледі, біреуі кітабымды оқыған, келесісі мешітте, тойханада ұшырасқан, қалай олардың көзінше арам су – арақ сататын дүкенге кіремін, көрген жұрт «арамның жолына түскен екен» деп аузы-басы жыбырлап өсек өрбітпес пе! Ту сыртымнан топырақ шашып әйкәпір атандырмас па, ұстазым!
– Ендеше мен саған ұстаз бола алмаймын, – деп әулие теріс айналды.
Амал жоқ, қатал кісінің әмірін тыңдауға тура келді. «Мақұл» деп шапанын иығына іліп, құлдыраңдай жүгіріп ылди төмен қалаға беттеп жөнелді. Көшеге түсті. Жұрт ұйқысынан оянып, үйреншікті тіршілігіне бой салып, аяғына жел бітіп, бірі базарға, бірі саябаққа жөңкіле бастапты. Жалаледдин арақ сататын дүкеннің ту сыртына келіп, кіруге батпай, төңіректеп көп жүрді. Өз-өзінен кіріптар хал кешті.
Амалы таусылған соң, өтіп бара жатқан қызметшіні кідіртіп өтініш жасады. «Шырағым, мына күміс теңгені алып маған бір шөлмек арақ алып кеп берші», – дейді. Қызметші құп алған күйі алақанына салған күміс теңгеге заматында арақ алып келді. Жалаледдин әлгі кәпірдің асын шапанының шұбалған етегіне жасырып, қымтап алды. Аяғы аяғына жұқпай жылдамдата жіті аяңдап, манағы тау басына, әулие жатқан жерге ентігіп жетті-ау әйтеуір. Ұстазына шөлмекті ұсынды. Нақа бір жауды жапырып жеткен қолбасыға ұқсап шоқыланып сөйлейді.
– Сенен бұл арақты алмаймын, – дейді ұстазы қатуланып, – мені де, өзіңді де алдап тұрсың. Қалаға қайтып бар да, жаңасын сатып әкел.
Деді де, ұстазы ашудан түтігіп Жалаледдинге күміс ақша ұсынды.
Жалаледдин қарап жүріп кіріптар хал кешкен тағдырына, одан қалды өзінің кісіге сенгіш, кісінің көңілін жықпайтын ақкөңіл мінезіне налыды.
Өстіп алаөкпе болып жүргенім кімге қажет деп ойлайды. Мына ойда жоқта сап ете қалған ұзын қараның соңына ілесіп салпақтамай-ақ, өз үйім, өлең төсегімде көн кітабымды жазып, қарнымды тыр-тыр қасып жатқанымда ғой біреу келіп ұрар ма еді. Өз басыма өзім бейнет тілеп жүретін, құйысқанға қыстырылған тезек секілді тұзым жеңіл, бейнетім қалың сормаңдаймын.
Амал жоқ, ұнжырғасы түсіп, ілби басып манағы таныс қалаға қайыра енді. Дүкенді төңіректеп көп жүрді. Түске таман кісі аяғы сиреген кезде дүкенге лып еніп, жалма-жан арақ сатып алып, әлгіні қойнына сүңгітіп жіберіп, жедел сыртқа шықты. Біреу көріп қалмады ма деген сыңаймен маңайына жалтақтай қарап жөнеле бергені сол еді. Қарсы ұшырасқан бір кісі бажынап қоя берді. Соншалық үні жағымсыз болар ма?!
– Жалаледдин мырза, қойныңыздағы бұлтиған не нәрсе?
– Жәй, сірке суы ғой.
– Оны не істейсіз?
– Қамыр ашытқанға, залалды жәндікті улағанға... – деп тұтыға сөйлеп желімше жабысқан пәледен құтылғанша асықты. Алды-артына қарамай безді. Әлгі көзтаныс кісі көше бұрышында аңырайған күйінше қалып қойды. Қырқа басына ентігіп әзер жетті. Шөлмек ұстаған қолы дір-дір етіп кетеді. Ұстазының жүзі жылымапты.
– Әкелген арағыңды тасқа төгем, – деді ұстазы, – бұл жолы өзіңді де, жолай ұшырасып сұраған кісіні де алдадың. Үшінші рет бұйырамын. Мына күміс теңгені аласың да қалаға қайтып барасың, таныс дүкенге енесің, ішінен қызыл арақ сатып аласың. Сол қызыл арақты шапаныңа да жасырмайсың, қойныңа да тықпайсың, басыңдағы сәлденің ортасына қыстырып қоясың. Жолай бетіңе төгілсе – төгілер, мойныңа шашылса – шашылар, сәлде үстінде теңселдірген күйіңше әлгі қызыл арақты өзіме алып кеп бересің. Бар, әмірімді бұлжытпай орында!
– Тақсыр, осы әурешілік не үшін қажет? Абыройдан әбден айрылып біттім, өзіңіздің уақытыңыз еш болды, қанша күміс теңге текке құрыды. Осынша әурешілікке түскендегі түпкі нәтиже не болмақ?
Әулие кісінің қабағы жабылып, түнере түсті, үні жер астынан шыққандай бәсең естілді.
– Өлмейтін кітап жазғың келе ме?
– Иә, тақсыр, қайтсем тірі сөзім өлмесе екен деп өліп-өшіп жүргенім осы емес пе!
– Ендеше бар, әмірімді екі етпе!
Жалаледдин «жазған құлға дауа жоқ» деп, мойнын иығының ішіне тыға, аяңдап қайыра таныс қалаға жол алды.
«Өзіме де осы бейнет керек еді» деп іштей өзегі өртене өкінді. Бұл заманда не көп: қаңғыған машайық пен әулекі әулие көп. Қайсыбірінің айтқанын істеп ұшпаққа шығарымды құдайым білсін. Бәрі кеудесін қағады, бәрінің сәлдесі дағарадай. Жай халықты алдап: алдыңды болжаймын, артыңды қымтаймын, бәле-жаладан қорғаймын деп өтірік көлгірсіп, білгішсіп, білек сыбанып басыңды даң қылуға шебер. «Қожаға ерген тері арқалайды, төреге ерген ер арқалайды, әулиеге ерген ауа жайылып, әркімге күлкі болып қиялынан айрылады» деген сөз рас шығар. Болар іс болды, бояуы сіңді. Енді бұрылып, ақыл жинауға мұршасы жоқ, мойнын иығының екі ортасына тығып, томпаңдағаннан томпаңдап әлгі қызыл көз пәленің айтқан қызыл арағын алып кеп береді.
Жалаледдин бет алған бағытынан, бастаған ісінен еш айнымайтын қасарыспа бірбеткей мінез иесі еді. Таныс дүкенді төңіректеп, қызметші іздеп көп айналған жоқ, турадан-тура салып отырып жетіп барды. Дүкенші шал аңырайып қарайды. Бұл көкең бір уыс күміс теңгені әлгінің алақанына сылдыр еткізіп төге салды. Қарлығыңқы үнмен: «Әкел!» – деді. Дүкенші «Жарықтығым, нені сұрап тұрсың?» – деп дәнемені түсінбеді. Жалаледдин сұқ саусағын шошайтып: «Ананы әпер!» – деді. Дүкенші манағыдан бетер таңырқады: «Жарықтығым, жарқыным, қашаннан бері салынып ішіп жүрсің ібілістің асын?» – деп өзеуреді. Бұл түнерген күйінше тырс етіп үндемеді, дүкенші мына жазушының құйынның ішінен шыққандай әлем-жәлем түрінен шошынды, әпер дегенін әперді, есікке дейін елпек қағып шығарып салды.
Жалаледдин басынан сәлдесін сыпырып, әлгі қызыл арақты сәлдесінің ортасына қыстырып, жан-жағынан қолорамалмен бекітіп байлап тастады, басына қайта киді. Бұл жолы көше бойлап асықпай аяңдады. Біреулер соңынан аңырайып қарап қалыпты, келесі біреу басын келіше шайқап, соңынан сұқ саусағын шошайтады, қарқылдасып күлгендей болады. Шөлмек шайқалып қызыл арақ бетіне, желкесіне шашырайды. Беті моншақтап терлеп, көз алды бұлдыр тартады. Ой, пәле-ай! Көретін құқай жарық жалғанда таусылып бітпеді ғой. «Көресіңді көрмей – көрге кірмессің» деген бұрынғылардың сөзі рас болғаны ма сонда? Жердің жарығы болғанда, соған түсіп қана, жер астымен әлгі қызыл көз әулиеге арамның асын жеткізіп берер еді ғой. Жалпақ жұрт өсек отын өртше лаулатып әкетері анық енді.
«Несін айтасың, көп кітап жазып, жұртқа өнеге-өсиет үйреткен жазушы-екең ішіп кетіпті!»
«Көшеде, сәлдесіне арақ орап әндетіп жүретін әпендіге, әуейіге айналыпты».
«Бұтында лыпасы жоқ деседі, жел тұрғанда шапанының етегінен абыройы көрініпті».
«Сол да өнегелі кісімін деп кітап жазып, жер басып жүр-ау, оның жазғанын әжетханаға қыстырып қойған ләзім».
Осындай еттен өтіп, сүйекке жеткен удай ащы сөздер гу-гу етіп құлағына ызың-ызың естілердей.
Тау басына ілби басып, тірі рух болып әзер жетті. Сәлдесін шешіп, ортасына қыстырған арақты алды, тең жарымы шашылып-төгіліп, жібек матаға оңбай сіңіпті. Ұстазына ұсынды. Ұстазының назары өткір, тау басына шыққан кісідей бетіне қызыл бояу жұғып, мейманасы тасып, жанары жалт етіп, жасын ойнағандай. Рухы асқақтап, мүлде басқа, бөтен мінездің адамы болып көрінді. Өркештеніп отырып былай деді.
– Өзіңді өзің жеңе білдің! Бұдан былай жолың ашылады, бағытың түзеледі. Жүрегіңнің түбінде кір қалмаса ғана жүрек сөзін айта аласың.
Ұзамай күн батып, салбыраңқы кеш түседі. Тау ішін қарабарқын түн тұмшалайды. Алыс қиырдан табақтай қызыл ай туады. Қызыл айдың астында, төбе басында ұстаз бен шәкірт бір-біріне қарсыласып малдас құрып отырады. Ұстаз қоржынынан жарты таба нанын алып бір үзіп аузына салады, өңгесін: «Мә, күні бойы жүгіріп, әбден шаршадың, жеп тауыс», – деп Жалаледдинге ұсынады. Нан жеп болған соң құтысынан су құйып береді. Манағы қиямет қиындықпен алып келген қызыл арақтан ұстазы бір ұрттап, өңгесін: «шөп нұрлансын», – деп жерге төгеді, босаған шөлмекті қоржынының бір басына бұлтитып салып алады. Қолын жайып, күбірлеп бата жасайды, бетін сыйпап шәкіртіне қарайды.
«Құлағыңды сал, Жалаледдин, аспанда қалқи жүзген қызыл ай, жерде көк шөп, әлемдік ұйқасқа өз жүрегінің лүпілін қосқан сансыз еркек пен ұрғашы түнгі тыныштыққа ұйып, тыңайып, жасарып оянбақшы, өміріңе сабақ болсын, баяғыдан бергі саған жұмбақ болып келген іс-қимылыңның шешуін айтайын, алдыңа жайып салайын», – деді ұстазы.
Әуелгіде күңгірлеп шала естілген ұстаз сөзі бірте-бірте құлағына анық шалынды, естіген сайын жүрегіне, бойына өзгеше күш құйылғандай жеңіл тартып, арқа-басы кеңейіп, айтып болмас әсерге бөленді, қан тамырының соғысы жиіледі. Ерекше тосын әсерге шомады, жүйке тамыры шымырлап қоя бергені.
– Жартылай жазушы – оқырман көзбояушысы, жартылай тәуіп – жан садақасы, жартылай молда – жаратқан ие алдаушысы, жартылай сопы – сайтан сыбайласы, – деп аз кідіріп аңырайып алқара аспанға қарап алды, түпсіз терең аспаннан ой маржанын бір-бірлеп үзіп отырғандай сезілді. Сөзін әріге жалғады:
– Кітабы өлмейтін жақсы жазушы болу үшін үш тағылымды ұстану керек, бейбағым. Құлағыңа құйып ал. Бірінші: жазған нәрсеңе я пендешілік құлықпен, я тіршілік қамымен өтірік сөз кіргізіп жіберуден сақ болу керек. Өтірік сөз кітабыңды өлтіріп тынады. Екінші тағылым: Жазу жазған кезінде «осыным қалай болар» деген жүрегіңнің түбін күдік шалмасын, «халық қалай қабылдайды» деген қате түсінік – көз алдыңа тұман тұтқанмен бірдей. Өмірді, өзгені, болмысты қате түсіну көз алдыңа көк тұман тұтады, ол көк тұман жүрегіңнің түбіне күдік ұялатады, күдік ұялаған жүректен жақсы өнер тумайды. Не жазсам да бұл нәрсені өзімнен басқа ешбір кісі жаза алмайды, мұны жазу өзімнің ғана талайыма жазылған, менің ғана қолымнан келеді деген ірілікпен іске кіріскен ләзім. Ірі іске кіріскенде жүрек түбінде діріл болмасын, кір қалмасын, шәкіртім. Үшінші қағида: өзін-өзі жеңе білетін мінез ғана үлкен істің үдесіне шығарады. Өзін-өзі жеңе алатын мінез – әрбір істің қазығы, бейнетқорлық – байлауы. Айнығыш мінез үлкен өнер туғыза алмайды, тау басына шығармайды, жарым жолда қалдырады. Әлгіде үшінші мәрте жұмсағанда барып өзіңді-өзің жеңе алдың. Көп мұсылман қауымы арамдық арақта дейді, арамдықты ең әуелі пиғылыңнан, ниетіңнен, қалыбыңнан, мінезіңнен аластай біл, мүсәпірім.
Мына сөзді естіген Жалаледдин қаламгер көкірегі ашылып, өзін-өзі құс қанатына мінгендей сезініп, бұдан былай жазғаны мінезінен, жүрегінен туындап, өтірік сөз қосылмаған мәңгілік өнер боларына көз жеткізді, имандай сеніп, ұйи түсті. Ұстазына басын иіп, ризалық алғысын айтты. Тау баурайына салбыраған сабалақ бұлт жөңкіліп жетіп жауын емізіктеді.
Бір ғажабы, ұстазының үсті су болмады, құп-құрғақ қалпы отыра берді. Мұның үстіне жартылай жауын тиді. Әйтсе де бұдан былайғы жазғаны оқырман көкейіне терең сіңіп, мәңгілік қалатынына нық сенді, өмір кітабының иесі болатынын анық сезді.
Дүниеге есімі әйгілі Жалаледдин Руми ақын жұртты тамсандырған жап-жасыл өнер өлкесіне осылайша келген еді: бірінші – жазғанына өтірік қоспау, екінші – жазып отырғанда жүректе кір, көлеңке болмау, үшінші – өзін-өзі жеңе білу кейінше ғажайып шайыр ғаламат кітаптардың авторы – Жалаледдин Румиден басталған деген әңгіме бар. Біздер соны қарапайым қазақы тілмен баяндап қана бердік, қадірлі оқырман.
Жақсы кітап жазудың тауқыметі әлі талай тағдырға жетерлік.
– Ағаң шақырып жатыр, – деген дауыстан төргі бөлмеге ентелей ендім.
Босағада ұшыраса кеткен жеңешемнің жанарынан жас көрдім. Тұла бойым дір ете түсті: әлі жылауға жетпеген, әйтеуір бір үзіліп түсуге тиіс, төгілуге тиіс жалғыз тамшы ғана жас. Бөлменің іші алакөлеңке, қоңырсалқын екен. Қос терезе кең ашылған. Жібек шілтер сырттағы шілденің керімсалы мен шыбын-шіркейіне көлегей боп, әрәдік лықылдай соққан лептен көлең ете түседі. Төрде, тақтай еденге көсілте салған ақ төсек, үстінде арыстай созылған ағам жатыр. «Кереуеттің шиқылынан миым ашып кетті» деп төсекті жерге салғызған. Елудің үстіне енді ғана шыққан палуан денесі көрер көзге кішірейіп кеткендей. Бас жағындағы үлкен керсенде базардан алып келген құнан қымыз шүпілдеп тұр, тағы да татып алмапты. Ішпесе де өстіп басында тұрады. Жұпар иісі танауымды кернеп кетті. Осы қышқылтым нәрден қайран аға кер даланың, оның төсіндегі көкпардың, дүрсілі басылған жастығының қасиетін қайта сезінеді екен ғой. Сезіп жатып марқаяды екен ғой. Енді білдім.
Ағаны дімкәс алғалы жылдан асты. Кешегі Ұлы Отан соғысының өртіне күйіп шыққан, сосынғы Сыр бойының көп бейнетіне белшеден батып шыныққан томардай денесі әуелде дертке сыр бермеді. ...Жапанда жүз жасаған қара ағаш болмаушы ма еді. Өзегіне құрт түссе де ондаған жылға өңін бермей, өмір үшін күресетін. Көктем сайын шыбығына нәр жіберіп айбарлана шулайтын. Өзегін зәлім құрт кеміріп, кеуектеп біткенше бүр жара беретін. Ақыры күллі денесі боркемік боп шірігенде барып күресін тоқтатушы еді, үр бұтағы сояу-сояу болып қаңқасы ғана қалатын. Сонда да көпке дейін жығылмай жол қараушыдай қалқиып тұратын. Қазіргі ағамның халі тап сол алып дарақты елестетті. Қайран ердің ажал құрты қай жерінде жүргенін білмеймін. Әйтеуір бойына еніп кезіп жүргені анық. Әуелде ағам жарты жылға дейін ұжым жұмысынан қалған жоқ, күйекті өткізді, малды Сырға аударды, тырбанып келесі көктемнің қамына кіріскен, денеге түскен дертке ырық бермей көп сүйретілді. Жеңешем екеуміз ғана ағаның шын ауырып жүргенін білдік. Қалған жұрт құлағанша сезген жоқ, қайта жиын-тойда, отырыста: «татып алмайсың, сірә, молда боларсың», «дүние жиып байығалы жүрсің бе?», «ұжым бастығынан өсіп райкомға барарсың тегі» деп қажап, әжуалап бітетін. Қара ағаштай қайыспай жүре берер ме еді, пәле қазанбас Әуелбектің тракторшы баласынан басталды, сол дарақы араққа тойып алып паромға түседі, тракторын тақтайға қисық қойып дарияға құлайды. Ажалсызға дауа жоқ, тырбанып жүріп өзеннен өзі шығыпты, су жаңа трактор дария астында ұйыққа батып қалыпты. Дәл сол күні аға үйге ренжіп, қабағына кір тұтылып келген, содан «жұмыстың қызығы қалмады түге», – деп жүрді. Жеңешем пісірген астың «дәм-тұзы білінбейді», – деп бір сездірді, осыдан біраз бұрын ғана балға теңейтін тәтті шәй, қышқыл тұшпара, үлпілдек қазы қалай ғана өзгеріп кеткенін білмедік. Сосын «асқа зауқым шаппайды», – деді, сосын, «ас өтуі қиындап жүр», – деді, міне екі айдың жүзі, – сар жамбас болып төсекте жатыр.
– Далабай қарағым, – деді аға.
Тізерлеп қасына тақадым. Қолы тарамыстанып кетіпті. Тамырының соққаны әзер білінеді. Көзіне көзім түсіп кетіп еді, шын қуандым, жанары нұрға толып жайнап жатыр екен. «Беті бері қараған білем» деп ішімнен лүпілдей қуандым.
– Құланшының басында отырған Ақтәтеңнің қолынан бір торсық қымыз әкелші.
Үнінен әлсіз діріл сезілді. Ол діріл үміттікі ме, әлде әлдеқашан ұмытылған сағыныштыкі ме, әйтеуір жүрегімді қозғап-қозғап кетті. Ағаның бас жағында керсен толы қымыз тұрып, қияндағы Қаратау ішінен, осы орталықтан күншілік жердегі жылқышы ауылдың қымызын сұратқанына қайран қалдым. Қала қымызы мен дала қымызының айырмасы мол, әрине. Қаланыкі тықыр, қу келеді. Сүтті сауғаннан бастап ашытып, үйді-үйге таратып сатқанға дейін ылғи қаңылтыр, шыны, қалайы ыдысқа құяды ғой. Сол пәлекеттерден деп ойлаймын. Әлгі сөзден көңілге демеу кірді. Аңсап жатқан сусынын әкеліп берсем құлантаза сауығып кететіндей көрінді. Жедел тысқа беттедім. Ауызғы үйде жеңешем көк шәй суытып отыр екен, жәудір ете қалды, көзінде манағы жалғыз тамшы жас. «Таудағы Ақтәтемнің қолынан ағама қымыз әкеліп беремін», – дедім. Жеңешем айтарға сөз таппай толқып кетті білем, аздан соң: «Томпаңдаған қарағым-ай», – деп күрсінді.
Кең аулада көк жоңышқаны бырт-бырт үзіп жүрген Ақтаңкерді жетелеп келдім. Жотасы жұмырланып ойқастап қалыпты, жануар аяғын билеп басады. Жеңешем сарайдан ер-тұрманды әкелді. Атқа салдым. Киім ауыстырдым. Күн екіндіге еңкейе берген, жолдың шалғайлығы да, таудың қиын асуы да сескендірмеді. Аттанып кеттім.
Ақтаңкерді еркін көсілтіп қолдың саласындай қара адырға сіңген сайын тау лебі қанық сезілді. Демі салқын. Бала кезімде ағама еріп қауындыққа баратын едім. Екі құлақ, үш құлақ болып қылтиып қауын өскіні көрінетін. Ағаның: «үзесің!» дегеніне де қарамай, етпеттей түсіп, әлгі нәзік құлақша жапырақты иіскейтінмін. Сонда танауымды кәмек қауынның ашық иісі кернеп кететін. Құныға жұтамын. Дәл сол әдемі жұпар танауыма тағы келді. Даланың тынысы осындай екен ғой.
Ақтаңкер жайлауды сағыныпты. Қайта-қайта пысқырып қойып, тізгінді сүзе аршындады кеп. Сүрлеу жолдың қиыршығы жүгері қуырғандай бытырлайды. Тұяғынан тас ұшқандай болады. Жалының асты шылқылдай бастады. Серпе қайырып, келесі жағына аудардым, асты дегдісін дедім. Асудың қыр арқасына жеткенде күн батып қас қарайды. Айдың жаңасы-тын. Сәлден соң аттың күміс тағасындай болып сол бүйірден қылтиып көрінді, көрінгенмен мардымды жарығы жоқ, жол сілтер сүлдесі ғана. Күжірейген асуды белге ұрған қамшыдай сары сүрлеудің сорабымен салып келемін. Жылқы сүрінбейді. Талай жортып өткен үйреншікті жолы. Әрәдік аяқ астынан шошына ытырылып торғай ұшады, Ақтаңкер дір ете түседі. Алыстан нөсер гүрілі естілді, жарқылдатып шақпақ жағып, жонның үстімен келеді. Тезірек асудан асып үлгермесем саяқ нөсер жетіп үлгеруі қақ, сосын сусоқты итше сүмеңдейсің. Қия жартас қаусыра қысып, бұлталаққа басып, шүңейтке құдитты. Ер ат қолдауына лықсыды. Құлаққа судың талып-талып сарыны келеді, түнгі дыбыс тым алыс, бұл – басын тасқа ұрып ағатын Құланшы өзені. Мен сол өзеннің жағасындағы ескі қыстауда туыппын. Келген сайын көзіме ыстық басылады. Тау тынысына саяқ нөсердің иісі қосылып кеудені кернеді. Бұлт күрк-күрк жөтеліп жоннан асып жоғалды. Құтылғаныма қуандым.
Әлі есімде, осы Шырағдан қиясында көкпар шабылды. Онда ағам жылқы фермасында меңгеруші болатын. Есімде қалғаны, ауыл балалары көкпаршыларға еліктеп, шыбық көкпар шауып жүргенде көршінің қараборбайы жаман «мертіккен», үйіне жылап жоғалған. Көкпаршылардан естігенім бұл: Ақтаңкердің бап кезі екен, арқыратып кеп қосылған. Сөйтсе ұрымтал жерден ұратын арамзалар көп кездесіп серкеден айрыла беріпті. Ылди жігіттері араққа тойып алған, дәңгәсарлау, серке көкпарды қақпақылша қағып, таулықтардан құтылып кететін болады. Жазыққа шықса-ақ ұстатпайды. Шаң қаптырып тастап кетеді. Әзірге діңкесін құртып, тырбаңдатып қойған қақпақыл аджыр еді. Қайран аға сонда ашынды деседі. Көзіне қан толыпты. Толмаса сөйте ме. Қашыртқыға салған ылди жігітінің соңынан сүмеңдеп жетіп, борт еткізіп жұлып алады, алады да ат басын шүңейтке бұрады. Жұрт шу ете түседі. «Мойны үзіліп өледі», – деседі. Ызы-қию болып жабыла қуған. Сонда Ақтаңкерді сұмдық шүңейтке тастап жіберген кезде, соңында шұбатылып келе жатқан жігіттер үзіліп қалған. Жүректері лоблып кері айналған. Батып ешқайсысы түсе алмаған. Есіл аға сорғалаған бүркіттей етекке бір-ақ жеткен. Өзгелер қия жолмен кібіртіктеп ілесем дегенше аға ұзап кетеді. Сол жолы Ақтәтенің отауына көкпар салыпты. Ақтәте білектері көгерген көкпаршыларға қарымта қайырып, бата сұрап, ту серкесін шығарып берген екен. Ылди жігіттері: «тауда көкпар шауып жұлын үзгенше, қымызға қанып, құдай деп, шалжайып жаталық», – деп аттан түсіп қонып қалыпты. Түні бойы көкпар қызығы қымыз қызуына қосылыпты деседі.
Оқиға есімде қалмас та еді, қалатын несі бар, соғыстан кейінгі жылдары апта сайын, әрі кетсе ай сайын қырғын көкпар шабылатын. Дәл сол көкпардан соң ауыл арасын сөз аралаған, шөп басы қимылдаған. Өсекші әйелдерден естігенім. «Не білгенің бар! Перме бастық Ақтәтемен ашына екен ғой!» десті. «Қайдағыны көкімеші. Қойнында жаңа түскен, қуыршақтай келіншегі бар емес пе? Перме бастықты сарықарын әйелге қалай қиясың?» – деді. «Естіген құлақта жазық жоқ. Перме бастық соғысқа аттанар алдында мұрты енді тебіндеген бозбала көрінеді ғой. Содан: «Жеңеше, олай-бұлай болып кетсек, не көрдік дейміз, аманат қып алып жүрер бірдеме бер», – депті. «Қата қалғыр-ай, ә!» «Ақтәте сонда жылап тұрып бойтұмарын жігіт мойнына тағып беріпті деседі». «Бойтұмардың сырын білесің ғой, сүйген адамына ғана сыйлайды», – десті. «Сайқал-ай, жұрт сыйлаған азаматты қалай өсекке таңасың?!» десті. Өз басым, әңгіменің анық-қанығына көз жеткізген емеспін.
Жылқышы ауылға таң бозында іліндім.
Шағын ауыл әлі ұйқыда көрінді. Өрістегі биелерді қайырып келуге кісі шықпапты. Желі басы бос. Шымы түтіліп, қисіңді болып кетіпті. Төрткөз сырттан тоқпан жілікті күрт-күрт кеміріп жатыр екен, маңқ-маңқ үрді. Үлкен отаудың шыпты есігі ашылды, дүбірден оянды білем, шал шықты. Бұл Ақтәтенің «құдай қосқан» қосағы. Жылқы қайырып, бие сауғаннан өзге өнері жоқ, арқауы бос, арамдығы бар, қиын кісі. Тізесінің құрысын жазып тұрды, тұрды да Ақтаңкерді қаңтарып жатқан маған тақады. Өзімен-өзі боп жілік кеміріп жатқан итке кейіді.
– Ашаршылық басыңнан кетпегір иттің баласы!
Ойы: «Осы шиборбайдың жылтыңдап келуінен жаным шошиды. Бұл қазақ жай жүрмейді, біреуге ор қазбаса басы ауырады».
– Отағасы, сау-саламатсыз ба? Мал-жандарыңыз аман ба? – деп құлдырай сәлемдестім. Ондағы ойым: қырысқан қабағын жазу. Кең дүниені тарылтып тұратын жабайы мінезін жұмсарту еді. Ұсынған қолымды ұстай салды.
– Бұл да бір ит болып үрсе қайтеді. Тамағынан жіліншік өткендей қомағай. Орталықта тұрсаң ғой имиіп аштан қатар едің. Иттің баласы!
Ойы: «Бұл жай жүрген шиборбай емес. «Еке, еке» деп аузыңдағыны қақшып кететін сұмның өзі. Сыпайысын қарай көр. Сақтанбасаң арам қатасың. Ұяласы анау, жұрттың таза төсегін арамдап, өсекке таңып, тәңірге жазып өле алмай жатқан».
– Сауын биелерді қайырып келер мезгіл болған жоқ па, отағасы?
– Ақтаңкерді астыма берші. Қайырып келе қояйын. Өз атым шыбындап қырға шығып кеткен білем, – деді. Деді де, ыржия күліп кеп, қолымнан тізгінді алды. Бусанып тұрған атты аядым. Ыңқылдап, тартпасын қатайта бастады. «Иттің баласы», – дейді әлдекімге. Осы мезет үлкен отаудан Ақтәтем шықты. Ақтәте десе Ақтәте ғой! Ақ жаулығы келісті жүзін ашып, жарқ ете түскенде, алпысты алқымдаған кейуана кісінің орнында қылықты келіншек тұрғандай сезілді. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді» деген осы да. Таза киінеді, толқып жүреді. Ел-жұртының алтын асықтай алақанына салған қадірлі тәтесі ғой бұл! Ақтәте алақанын енді шығып келе жатқан күнге қалқалап тұрды да, Ақтаңкерді бірден таныды. Бұл шақта көсілген жануардың үстіне жарбиып үй иесі қонақтап үлгерген.
– Ақтаңкер ғой мынау, құдай-ау! Оқымыстым екен ғой! Айналайыным менің! Тәтеңді ұмытпапсың тегі!
Келіп мені бауырына басты. Тамағыма жас тығылды. Ақ жаулығынан сүйдім. Әлгі жарбима Ақтаңкердің үстінде жарбиып отырған.
– Түс былай! – деді түтігіп. – Тұлпардың тұяғынан садаға кеткір!
– Биелерді қайырып келе қояйын десем.
Айтуын айтса да қобалжыды білем. Жарбима аттан сыпырылып түсе бастады. Шалбарының бауы ердің басына ілініп қалып, шешіліп кетті. Енді бүгежіктеп, аяғы жерге тиісімен, ышқырымен әлек болды да қалды.
– Ұят деген болсайшы сенде! Алыстан келген қонақтың атына жармасқан тентек бала болушы еді. Жылқыны айғырыңмен қайырып кел!
Жарбима бүкшеңдеп жылқыға жоғалды. Ақтәте мені отауға бастады. Үйге кіргізді. Төсекті жинап, төрге көрпеше жайып, қолтығыма көпшік тастады. «Жайласып, деміңді ал», – деді. Әр кезде «тәтесін іздеп келген қарғам менің», – деп естіртіп айналып қояды. Түңлікті ашып, есікті түрді. Сегіз қанат ақ отауға лақ етіп жарық төгілді.
Үй ішін енді бағдарладым.
Оң қанатта үлкен ақ торғын шымылдық. Шымылдықтың ішінде күміс зерлі ағаш кереует тұр. Атлас тысты әдемі көрпе, көмпиген құс жастықтарды төсек үстіне жиыпты. Одан өзге осы үлкен үйде көзге түсерлік жиһаз жоқ. Дүниесін қыстауға қалдырып, жайлауға жеңілдеп шығатын жылқышылардың әдеті бұл. Үйдің сол қанатында көзге әуелі түсетін қос қабатты биік сөре. Беті ашық. Осы өлкеге әйгілі Ақәділ ұстаның қолынан шыққан бұйым бұл, ол кісі өзі жасаған дүниені ылғи өрік ағаштың өзегімен әшекейлейді. Сөренің төрт жақтауы піскен қауындай сарғыш түсті қатты ағашпен зерленген. Көзді тартып құбыла жалтырайды. Сөреден төменіректе керегенің басына ілген қос бірдей саба шермиіп тұр, бірі тай саба да, келесісі құнан саба. Сабалардың сырт жүні құндыздың күзгі түгіндей күреңітіп, жылтырап кетіпті, ішіндегі қымыз табы өтсе өстеді. Бұл сабаларды Түркістан ұсталары жасаған: жылқының терісін іреп сойып алып, көлеңкеге кептіреді, сосын қымыздың бетіне шыққан іркіттен и жасап, сол иге салады. Құнан терісі бықыраған и ішінде апта жарым жатады. Сосын исіңді болған теріні кермеге іліп, қырғышпен қырады, шелиді, шелін алады. Көгеріп таза терінің өзі қалады. Енді мұны саба ғып тігеді. Тобылғыны жағып, ащы түтінімен сабаның ішін ыстайды. Ысталған сабаға саумал құйып, ұзақ шайқайды. Сосын саумалын төгіп тастайды. Және ыстайды және саумалмен шаяды. Қашан ішіне құйған қымыздан тері дәмі кетіп, тобылғы табы қалғанша өстіп алмастыра береді. Бал татитын тәтті қымыз әзірлейтін әдемі саба дүниеге осылайша келеді.
Төменіректе торсық: жылқы терісінің мойнынан жасалған қолбала ыдыс. Мұның да әзірлеу әдісі әлгідей. Тек тобылғының түтінімен ыстамайды, теріге өрік талдың не ұшқаттың сөлін сіңдіреді. Торсықтың қымызы екі-үш аптаға дейін дәмін сақтайды. Жолаушы жол жүргенде, батыр жорыққа шыққанда торсық қымызын алып шығатын болған. Торсық қымызы арнаулы қонақтарға әдейілеп ашытылады. Дәмі үгітілме, кермек, қанға от қосатын қызулы келеді. Ойлап отырып сілекейімді жұттым. Күрең торсықтан төменіректе, тақтай текпішектің үстінде әдемі екі екпе қауақ тұр. Бүйірі қып-қызыл. Сыр диқандарының қолдан егіп, ұзақ уақыт күнге аударыстырып ұстап, күлге отырғызып пісірген қауағы. Қауақты бұрын көрмеген кісі ыдысты ілкі зергердің қолынан шыққан саз құмыра деп қалуы кәдік. Өйткені, қауақ қолдан иіп келтіргендей: бүйірі дөңгелек, мойны жіңішке, қызылқоңыр, әсем дүние. Қақпағы да қауақтан ойып жасалған. Жанында, босаға мен қауақ арасында, қайыңнан істелген күбі тұр. Піспегінің сабы қылтияды. Ішінде қымыз болмағаны. Күбі екі жерден, жоғары ернеуінен бір, төменгі етегінен бір қайың қабығымен құрсауланған. Қарап отырсаң ағаш жігі білінбейді. Аузына таман бие сүтінің көбігі ағарады. Өңге ыдыстың сырты мұнтаздай таза, бапкер қолында тұрған мұражай бұйымдары тәрізді. Мұндағы әр ыдыс әйгілі ұстаның қолынан шыққан. Қайталанбас оюын, ұсталық өнерін осы босағада айқындай түсетін секілді.
– Ағаңның көңілін сұрап бара алмай-ақ қойдым. Ирек қамшы итшіліктен қол тимейді. Түнде ғана түсіме кірген екен. Ерні кезеріп: «Ақтәте, шөлдеп жүрмін», – дейді. Содан көңілін сұрап қайтуға бекініп тұрғаным еді. Құлағыңнан күн көрініп сен келе қалдың. Енді өзіңмен ілесіп барып қайтамын. Қарғам-ау, тегі!
Көңілі босап отырып қымыз ұсынды.
– Бір торсық қымыз әкел деп ағам жіберіп еді.
Ақтәте қымыз сапырып отырған ожауын түсіріп алды, жаулығының ұшымен көзін сүртті. Қырын отырған. Жанарының ұшынан шашырап әжім сызықтары көрінеді. «Қартайып қалыпты-ау» деп ойладым. «Мейірбанды асыл жан көне бұйымдай тозып бітіпті. Баяғы сыңқылдаған күлкісі, аңқылдаған әзілі жоқ. Көне сурет секілді. Мұң ғана қалған. Күлкі де, кейіс те, өкпе де, наз да жоқ, жалғыз мұң ғана қауқиып отырған».
Сырттан Жарбиманың шаңқылы шықты. Әлдекімдерді сыпыра боқтап жүр.
– Сирағың сынғыр, қуаяқ, заразап, қулықтан туған, шуың түскір...
– Оқымысты қарғам-ау, неге ертерек айтпадың? Құнан қымызды жаңа ғана сабадан флягке қотарып қойып едім. Шөпшілер күн көтерілмей-ақ «көніміз кепті, қымыз әкел», – деп аспазын салдыратып жібереді де тұрады. Әттеген-ай!
Ақтәте қинала ойланып қалды.
– Әттеген-ай! Айдың жаңасында жайылған биенің қымызы қулық, емдік қасиеті аз, сусын ғана. Айдың ортасында жайылған биенің қымызы дәрі. Жылқы ай жарығымен жайылып таңдаған шөбін теріп жейді, әсіресе, ай сәулесімен ашылатын шашыратқы, өңіл деген шөптердің гүлі неткен қасиетті десеңші! Айдың аяғында жайылған биенің қымызы арақ қана деп атам айтып отырушы еді.
Таңдайды үйірген үгітілме қымызды сіміріп салғанымда шекемнен тер бұрқ ете түсті. Енді аңғардым, қолымдағы алтын жалатқан зерен екен. Жалтырап алақанымда аунап тұр. Маңайына сарғыш нұр түсіреді. Бүйіріне қошқармүйіз салған, ауыр, сүйекті... мектепке таймен қатынап жүрген бала кезімде, орта жолда, қазіргі Шырағдан адырында Ақтәтенің үйі отырушы еді. Егіншілерге қымыз әзірлейтін. Таңдайым кеуіп, үңірейіп кеп отауға түсетінмін. Қымыз сұрауға батылым бармай, төменде, жаутаңдап отырып қаламын. Сонда ойымды қапысыз ұққан қайран тәтем қауақтан қымыз құйып беретін. Кесемен ұсынатын. Сол заманда да осы зерен сөреде көз тартып тұратын еді, бірақ қымыз құйылмайтын. «Ақтәте қымызды неге зеренмен бермейді екен?» деп талай ойлағам, сұрауға батылым бармайтын. Жылдар өтті, кісі қартайды, ыдыс көнерді, Ақтәте бүгін сусынын сол зеренмен ұсынып отыр. Бірінші рет алтын жалатқан зерлі зеренмен сусындадым. Сырын сұрағалы оқталғаным сол еді. Сырттан құлын ұстаған жылқышылардың дабырасы шықты. Әсіресе таныс дауыс әкетіп барады.
– Жамандатқыр, желкең үзілгір! Құрық сал, бұғалықта! Қымызға бәрі құмар, асау ұстауға ешкім табылмайды. Қаталап қалса да таратам, желіні жинаймын, жылқыны жонға қуам! Атаңа нәлетті бері қайыр!
– Ақтәте, қиналмаңызшы. Сіздің қолыңыздан татқан саумалдың өзі дәрі емес пе!
– Саумалы несі, қарғам-ау. Көзім тірі тұрғанда сендерге саумал ішкізбеспін. Қымыздың сертін білмейді екенсің ғой. Саумал қымызды жақтырмаған адамына береді. Оны ішкен кісі түзге шыққыш келеді де байыз тауып отыра алмай, жөніне жоғалады. Құнан қымызды сырласар қонағына құяды. Оны әуелі мәслихаттың кеніші деседі. Ғашықтар мен ақындарға дөнен қымызды құйған. Көңілге желік бітіріп, көкейге құрт түсіретін қасиеті бар ғой. Сусынның сосынғы төресі – бесті қымыз! Қу қымызды жауға шабар батырлар мен бәтуаға жүрер елшілер ішеді. У қымызды қазақ кезбе, бақсы, бәдік, саудагер жандарға беретін болған. Әр қымыздың атына сай мінезі болады: соған орай жол-жоралғы жасалады. Оны білмесек сүткіл ірітіп, қымыз ашыттық деп жарықтықтың аруағын қорлап неміз бар.
Әлгі сөзімнен қатты қысылдым. Ағат сөйлеп Ақтәтенің жалпақ ел қадірлеген өнеріне, біліміне көлеңке түсіргендей болдым. Ақтәтем қымыз ашытуды өнерге санайтын.
– Тағы құяйын, қарғам?
Сұрауын сұраса да қолымдағы зеренге қымыз құйған жоқ. Жай ғана сыпайыгершілігі еді бұл. Алақаныммен зереннің бетін жаптым. Ақтәтем артық құймайды. Жақсы қымыздың дәмін алып, тамырға таратып ішсін дегені, бас-көз жоқ сіміртпейді. Әсіресе, мынадай қадірлі ыдысқа құйып берген кезде қомағайлық жасап, үстеме құйғызбадым. Зерен түбіндегі ұрттам ақты шайқап, ыдысын қызықтап, ойланып отырып қалдым. Ақтәте жүзіме зер сала ұзақ қарады, бетіне бозаң нұр жүгірді. Жаулығын түзеп, бір тізерлеп орнынан көтерілді.
– Әлгінің даусы ауылды көшіріп барады ғой. Көршімізде жаңа түскен келіншек бар еді, содан ұят болды-ау. Үйде қонақ бар демейді. Құтырып кетеді. Қартайса да қалыпқа келе алмай қойды. Мен барайын, – деп тысқа беттеді.
Жарбиманың даусы саппа басылды.
Сөренің ішінде жиде ағаштан шапқан, тау сағыздай сары зерен тұр. Ағаштың діңін қуалап ойып алыпты. Жарықтықтың бунақ-буыны бәз қалпынша сақталған. Бояусыз-ақ бунағы білініп, өңі ашылып, жалтырай түседі. Ұстаның діңді қуалай оюына қарағанда ағаш жазда қиылған. Бойында сөлі бар кезде шабылған. Әйтпесе зерен жұқарған мезетте түбі тесіліп кетері хақты. Жазғы тал көн секілді созылмалы келеді. Ұста қиялын табиғи бояуымен, қаттылығымен, жеңілдігімен байытып тұр. Бұл да Ақәділ ұстаның көзі.
Зергердің көзі жоқ болса да қолынан шыққан өнері өлмепті. Атақты зергер ұсталар қартайған шағында таңғажайып бұйым жасап қимас кісілеріне сыйлаушы еді. «Көзімдей көріп жүр» дейтін. Суреттеуге тіл жетпейтін қазымыр өнерін ел ішіне қалдыратын, тарататын. Сөйтсем, сол кісілердің өмірден кеткісі келмегені екен ғой. Өлмейтіндер ғана артына өлмес өнер қалдырады.
Аһылап-уһілеп үйге Жарбима кірді. Салдыр еткізіп қауақтан қымыз сімірді. Даңғыр еткізіп шелекті бір тепті. Отыра кетіп аяғындағы етігін шешті, есік жаққа дүрсілдетіп атып-атып жіберді. Төсек іргесіне жантая кетті.
– Иә, бала! – деді.
Сөзі шаншудай қадалды.
– Ылдида не жаңалық бар?
– Ештеңе жоқ!
– Қойшы-ей, өздерің қазит оқып, кинә көресіңдер, сөйтіп «ештеңе жоқ» дейсіңдер. Мына біз ғой тас керең, көр соқыр. Ана жылғы Гитлер сықылды бір бұзақы сап етіп Қаратауды арқасына сап әкетіп бара жатса да білмей жата береміз, сірә.
– Сіздерге де газет әкеліп тұратын шығар.
– Аудандық қазиттен өңгесін түсінбейміз тегі. Апырмай, ұмытып барады екенмін. Өзіңдей бір қазитшіден сұрап алғалы жүр едім. Осы өкімет күніге пәленбай қазит шығарады, ертеден қара кешке радиосы сарнайды да тұрады, соған сөзді қайдан таба береді түге? Сөзі түгесілмейді ме шіркіннің? Айтшы?
– Түгесілмейді.
Менің жауабыма қанағаттанбады білем, аңырып, аларып жатты-жатты да қорылдап ұйықтап кетті. Сырттан Ақтәтем кірді. Бұл кезде мен алдымдағы қымыз дастарханды жиып, зеренді сүртіп, өз орнына қойып үлгерген едім. Көрді де күліп жіберді. Қолына шелекті алды. Бие сауғалы бара жатқанын білдім. Көргім келді. Сыртқа ілесіп шықтым. Ақтаңкерді көрші жігіт отқа жіберіпті. Ас пісіретін қараша үй жақтан қызыл орамалды келіншек бұлтылдап көрінеді.
Ақтәте әуелі шелекті әбден ысқылап жуды. Таза ыдысты соншама жуғанына таңғалдым. Сосын суын сарқып күнге қаратып жатқызып қойды. Әбден кептіріп алмақшы.
– Сүтке жалғыз тамшы су қосылса қымыз қасиетінен айрылғаны. Бие құрғақ ыдысқа сауылады, – деді.
Ақтәте биелерді теріп сауды. Байқаймын, кәрі тіс биелерді тастап кетіп барады. Жақында ғана желіге үйретілген, әлі шабының қытығы кете қоймаған жас биелерге жанасады. Оларды сауу ешкі баққаннан бетер қиын. Елеңдеп бір орнында тұрмайды, шелекті тебеді, құлынына иімейді. «Басын ұстап көмектесейін», – деп көріп едім. Ақтәте: «Бөгде иістен мүлде құтырады», – деп жолатпады. Шелекті сол білегіне іліп алып, тамағын лық-лық еткізіп, шабына иіліп, оң қолымен биенің сауырын сипайды. Бөксесін қағады. Төмендей келіп жас қулықтың жұмсақ желінін ұстайды, оң тізерлеп, ұшы күлдіреген үрпіні созады. Ақшыл сүт сыздықтап шелекке дыз ете түседі. Биенің қытығы келіп жалт бұрылады. Ақтәте кері тайқиды. Тағы тақайды, еркелетеді, өстіп жан тері шығып, көп бейнетке батып жүріп түске дейін қос шелектей сүтті әрең сауды. Ағама бола өстіп жүргенін сездім. Әйпесе, көршідегі жылқышы жігітті шақырып, биені тырп еткізбей ұстатып қойып саууына болмас па еді.
– Неге биенің басып ұстатып саумадыңыз?
– Қарғам-ай, онда жылқы дірдектеп қорқып тұрады да сүттің маңызы тамырда қалып қояды. Жақсы қымызға биенің өз еркімен иіп берген сүті бап келеді.
– Жуас, кексе биелерді қалдырып кеткеніңіз қалай?
– Егде жылқының сүті желінінде тұрады, ал жас биенікі тамырдан жиылады. Әрі қақсалдың сүті тез ашиды да, күші бірден бетіне шығады. Жас биенікі бабына екі түнемеліден соң ғана келеді, әл-қуаты түбінде жатады. Иә... қымыз да жылқының мінезіне байланысты. Жас биенікі кісіні жасартады, дәрі боп сіңеді. Теріп сауып жүргенім содан ғой, – деді Ақтәте.
Өзен бойынан арбасын салдыратып шөпшілердің аспазы келді. Үй иесі тай сабаның қымызын қалайы флягтерге қотарып қойған екен. Аспаз амандық жоқ, саулық жоқ, арбаңдап арбасына тией бастады. Әлден уақытта шаруасын бітіріп үйге бас сұқты. Тәтем қымыз құйып берді. Сөренің төменгі жағында тұрған қара тостақпен ұсынды. Аспаздың көзі демде жасаурап, мұрты едірейіп шыға келді. Темекісінің түтінін ширатып көп отырды. Сосын: «Тісім сақырлап бара жатыр», – деп нан сұрап жеді. Сол күйі омалып қалар ма еді. Шал оянды. Көзі шатынап, тікенекше қадалды.
– Асқа келгендей аранын ашып, атауын ішіп отырғанын қарай гөр мұның. Іштеріңде аждаһа жатады ғой деймін. Үш бірдей тай сабаны кеше ғана әкетіп едің, енді тағы жетіпсің. Қымызбен тал суарасыңдар ма, әлде өзенге құйып балық аулаймысыңдар, айтшы кәне! Басқармаға айтып еңбек күндеріңді қырықтырам, бәлем, тұра қал, шөпші емес, қорқаулар кілең!
Аспаз «басқармаға айтам» дегеннен жаман шошынды, арбаңдап тұрып, арбасын салдыратып жоғалды.
Ақтәте торсықтағы қалған қымызды қауаққа құйды. Сосын:
– Оқымысты қарғам, ағаңа қымызды арнап ашытам енді, – деді.
Есіттіріп айтты, Жарбима күреңітіп, жанынан бәкісін алып жер шұқыды. Өзім Ақтәтенің ел айта беретін қымыз жасау құпиясын көргім кеп өліп барам. Екі көзім кейуананың қимылы мен қолында... Ақтәте торсықты босатты, әйтсе де тым сарықпады. Ыдыстағы сарқынды әдемі ашытқы болады. Енді бір тізерлеп, оң қолымен торсықтың аузын керіп қойып, сол қолымен шелектегі сүтті сыздықтата құйды. Келесі шелектегіні де түгел қотарды. Ең ғажабы, ыдысты шайған жоқ. Көзім жетті, торсықтағы сүтке жалғыз тамшы да су қосылмады. Торсықтың аузын қайыс бауымен байлады. Сосын алдына алып, бесік тербеткендей ақырын шайқап бірауық отырды. Ыдыстың да, сүттің де дыбысы білінбейді. Тіпті, торсықты тербете-тербете Ақтәте қалғып кеткендей болды. Әлден уақытта төрдегі текеметтің бұрышын көтерді, астындағы шөбі сарғая бастапты, торсықты сол сызға тастады. Сөйтті де үстін текеметпен қайта жапты. Астынан дым тартып, үстінен жылу ұрып, көлеңкеде, сарқындымен ашыған қымызға тең келер дәру сусын болмайды деседі.
Зады қазақ қымызды жеті түрлі ыдысқа ашытады. Көнек: бұл тайыншаның, не ботаның мойын терісінен тігілген, көлемі орташа, сусынын қолмен шайқап ашытатын ыдыс, қымызы қытымырлау болады. Мұны көбіне бірер биелі диқандар істейді. Сосынғы мес – бұл керуен мен жорық ыдысы, ішінде сүт көліктің жүрісімен шайқалып ашиды, көбіне жылқының қарын терісінен жасалады. Келесі тосық, сосынғы тай саба, құнан саба. Сосынғы қол күбі, қымызға қайың күбі ғана дәм береді, сосын екпе қауақ. Жетісу қазақтары қымыз ашытуға қарынды жаратады, кәдімгі қойдың қарыны, бірақ қарын қымызы көпке шыдамайды, жінігіп кетеді. Ең асыл қымыз қол торсық пен тай сабаныкі ғой.
Алдымызға гүжілдеп ақ самаурын келді. Дастархан жайылды. Ақтәтеден қымыз құйып беретін ыдыс сырын сұрағалы оқталғаным сол еді. Көрші жігіт кірді. Екі үй көбіне ас-суды қосыла ішетін секілді, әсіресе қонақ келгенде ыдыс-аяқтары да, қызмет-қарбаласы да бір көрінді. Жігіт келе өзімсініп самаурынды алдына жылжытып, шай құюға кірісті. Ақтәте әбдіресін ашты, ішінен шекер, науат, сықпа, қауынқақ, май, құрт, мейіз алып дастарханға үймелетті-ай кеп. «Әшейінде қатқан қара нанға қақалар едік, басқарманың інісі кеп қарық қылдың-ау», – деп қағытты Жарбима. «Ақтәтенің сандығынан қыздан өзгенің бәрі шығады», – деп көрші кеңкілдеді. Дастархан үстіндегі таңғажайып тағамдарды сұғынып жей алмадым, манағы шәрбат қымыздың дәмі таңдайымнан әлі кетпей тұрған. Қайта-қайта тамсанғым келеді. Жалғыз кесе шайды әрең сораптап жантайтқаным сол еді: «Қарғам-ау, осының күллісі өзіңе сақтаған сыбағам еді. Сықпаға бал қосылған, майдың тортасы айрылған, ұнға салып қыстан сақтап жүрген тайдың қақ жамбасын асам өзіңе. Асқа дейін қарның ашып қалады-ау. Қолымнан дәм татпағалы қай заман», – деп Ақтәте елжіреді. Алғыс айтқалы ауыз ашқаным сол еді. «Бұларға ас берме, арақ бер. Сонда ғана реңі кіріп, сөзі түзеледі. «Сақтадым, қақтадым» деп отырғаныңды бұл бала қаланың әлгі... әлгі... шұбалған, суы аққан...» – деп Жарбима сөзінен жаңылып қалды. Көрші жігіт есіне сала қойды. «Е-е, гәлбасаға айырбастамайды, оқығандар сол гәлбасаға болмаса жамбасыңа, қазы-қартаңа пысқырмайды да», – деп қойып қалды.
Жарбиманың сөзі Ақтәтеме жаман әсер етті. Біреу кеудесінен нұқып қалғандай болды. Жүзі сынып, сырт айналды. Ақтәтені мұндай аямаспын. Орнымнан атып тұрып шалжайып жатқан Жарбиманы тепкілегім келді, Жарбима емес жалпима жасағым келді. Түсім бұзылып кетті білем.
– Қарағым-ай, іргедегі торсықты аударып қойшы, – деді Ақтәте.
Айналып, текеметті көтеріп, торсықты аударып жатқыздым. Ақтәте айтуын айтса да өзі келді, «дұрыс істемедім бе» деп қатты қысылдым. Торсықты ақырын қозғады, лекіте шайқаған жоқ, піскен жоқ, қозғады да қойды. Сосын ұқыппен қайыра қымтады.
Бие сауымы басталған. Шелегін білегіне іліп, шөпшілерді қарғап Жарбима жөнелді. Күресетін балуанша білегін түрініп жылқышы жігіт шықты. Ақтәте ас қамымен қазанға айналды. Биелер әдетте төрт рет сауылатын. Бұл жолы үш рет әрең иіді. Қарулы жігіттің құрығы астында биелер дірдек қақты, Жарбиманың шелегі даңғырап құлын біткенді шошытты. Ақырында үсті-басының бәрі сауыс-сауыс сүт болып жеткен шалына Ақтәте жарлық жасады. «Құлындар буынып өлер, босат, жылқыны қырға айда», – деді. Қоңырау үнді бейбақтар бостандық алып секектеп енелерінің бауырына тығылды. Күні бойы қатқыл қол созғылап ауыртып тастаған үрпіні үлпілдек тілімен талмады. Бие біткен емірене шұрқырады. Сосын шыбын-шіркейі аз қырға жөңкіді; соңдарында құйрық-жалы желкілдеп, сирағы майысып, құлыншақ құлдырайды.
Ақтәтенің ұнға салып сақтаған сүр жамбасын қолыма алғанда күн батып бара жатқан. Сары алау күн қолымдағы жамбасқа соншама ұқсады. Тұз сіңген, майы мен еті қосыла қатып сары мейіз болған, дәмі де, нәрі де бойында қалған асыл мүше. «Асыл мүше, сені сақтаған кісінің жүрегінде сағыныш пен ілтипат болмаса бағаланар ма ең өстіп? Әркімнің көңілінде жүрген қимас сыр, ән, айтылмаған әңгіме, ішілмеген қымыз, бәрі-бәрі сендей-ақ болар. Бұл жалғанда өзіңе арнап мүше сақтар, жамбас қақтар жақының болса – армансызсың. Сен де біреудің есінде екенсің, көңілінде жүрген көрінесің». Бет алдымда еріп батып бара жатқан алау күн бұл өмірдің соншама қысқалығын ұқтырса, қолдағы асыл мүше адам мен адам арасындағы тәттілікті аңғартты. Сол тәттілікке табындым әрі іштей сүйсіндім.
Сүр мен жас ет аралас туралған ақтамақ ас үнсіз желінді. Қою сорпаның бетімен май жүзді.
Ақтәте көрші үйдегі жас келіншекті шақырып алып сөредегі ыдысты жуғызды. Білегі майысқан ибалы жан екен. Кейуананың қол астында орамалша желпілдеді. Әуелі ағаш астауға су ысытып құйды, ыдыстарды салды, сақырлатып шайып шықты. Енді иығына жұмсақ сүлгі асып, ұшымен бір-бірлеп ысқылай бастады. Ақтәте қымыз құятын ыдыстарды өзі сүртті. Әрәдік үркек немені еркелетеді. «Келініме қымыз құюды өзім үйретіп жүрмін», – дейді. «Әлі-ақ шаршы топқа сусын ұсынатын бапкер қол болады»,-дейді. Әр ыдысты қолына алған сайын оның сырын әңгімелейді.
– Қымыз күткен қазақ ыдысын да сыйлап ұстаған. Әр ыдыстың иесі болады. Қымызды кесемен жай кісіге ұсынатын. Келім-кетім көпшілік ішеді. Мешкейлер мен саудагерлер тостақпен сусындаған. Оларға жұтары мол болса болғаны. Дәмін алып тұшынып жатпайды. Зеренмен асыл достар ішкен. Көремісің, жарықтықтың өзі де арудың көзіндей ойнап тұр-ау. Соққан зергеріне, шапқан ұстасына сай зереннің де әрқилысы болады. Қолымдағы Ақәділ ұстаның өрік ағаштан ойған алтын көз зерені. Ғашық жандарға қымызды алтын жалатқан көзеге құйып берген. Қақ күмістен соғылған көземен ақын, сері, сыпа, сал ішкен. Ілгеріде ауылға бір сері түсіп, қымыз ішпей жатып алғанда, атам бейшара осы қақ күміс көзені ат шаптырып Саураннан алдырған еді. Батыр мен палуанға қыпша бел құмырамен қымыз ұсынады екен.
«Ақтәтенің асыл досы болғаным ғой онда» деп ішімнен лүпілдедім.
Көнекөз кейуана мен жас келіншек ыдыстарды жуып, сүртіп шыққанша көп сырласты. Астан соңғы сергітпе сері қымызды келіншек құйды.
Қауақтағы қымызға піспек салып ұзақ толғады. Аударып ағаш табаққа құйды. Дастархан жиегіне әкелді. Бір тізерлеп қырын отырды. Жас келін әлгіде ғана сорпа құйған қалайы шөмішті табаққа сала берген еді. Ақтәте тоқтатты. Ағаштан ойған сырлы ожау ұсынды. Жас келін ожаумен алдындағы ақты төрт мәрте толғап сапырды. Сапыру сыйлайтын кісінің санына байланысты. Әр кісіге арнаған әдемі ілтипаты. Сол қолына зеренді алды. Оң қолымен ожау көтерді. Сусынның сылдырын сездірмей ыдыстың шетін ала құйды, зеренді тым толтырған жоқ, бір елідей ернеу қалдырды. Ожауды қайыра табақ шетіне ілді. Енді зеренді оң қолына алмастырды. Ақ білегін созып қымыз ұсынды.
Көз алдымнан буынсыз бишінің өнері өткендей сезілді. Нәзік қолдың әсерлі биін көрдім. Зеренді ұстай бергенде байқағаным, ақ білек дір ете түсті. Сыншы көзден қысылып отырғанын білдім. Білектің аса нәзік дір еткені де әлгі бидің жалғасы секілденді, қимылына сыр мен наз қосып кетті.
Уылжыған шәрбат қымызды тамсана жұттым. Сері десе сері-ақ екен. Бірден басқа шауып, жүйкені талмаусыратты.
Төсекті тысқа салып қойыпты. Көпке дейін көз іле алмадым. Ойдағы өзеннің сарыны біресе алыстап, біресе жақындап, құлаққа жұмсақ әуен құйды. Денем қызды. Маңайға жалбыз әтірі жайылды. Түнгі самал бетімді сипап, көрпені түрткілеп, қойныма кіргісі келеді. Қымтана түсем. Бейне, бала кезгі, қысты күні қойныма алып жататын кішкентай мысығым секілді. Жұп-жұмсақ. Пырылдайды ма-ау?! Бетіме сүйкене ме-ау?! Зеңгір көкте қызыл шоғы жылтылдап самолет ұшып барады, пырылдаған сол екен. Самал ұйықтатып тастапты.
«Далабай қарағым!»
Дәл жанымнан ағамның қоңыр даусын естігендей болдым. «Далабай қарағым!» Атымды атап шақырады. Алыс сапарға аттанып барады ғой деймін. Сезем, сезем де қоштасып қалғым келеді. Анық ағамның даусы. Көзімді ашсам таң құлақиектеніп қалыпты. Орнымнан қалай ыршып тұрғанымды білмеймін. «Ағам жалғыз жұтым қол қымызға зар болып жатқанда менің ұйықтағаным қалай?» Өкініштен өзегім өртенді. Егіліп жылағым келді. Ақтәте анадай жерде, желі басында, соңғы құлынды кермеге тұқыртып байлап жатыр екен. Қасына жетіп бардым.
– Тәңірім-ау, не болды саған? Жылан шақты ма, әлде қарақұрт тиді ме? Өңің жоқ қой!
Түсім бұзылып кеткенін сонда білдім.
– Ағам ауырып жатқанда менің бұл жүрісім қалай?
– Тіфә-тіфә! Сау тұрсаң болғаны. Қазір шайдан соң жүреміз. Мен де ылдиға түсіп ағаңның көңілін сұрап қайтамын. Шалды Ақтаңкерге жұмсадым.
Жаны жоқ байғұс қалбалақтап қалды. Үйге ертіп келді. Кешегі әдемі зеренге қымыз құйып беріп еді, тамағымнан өтпеді. Шай ішілмеді. Жарбимадан естідім, Ақтәте түнде ауық-ауық тұрып торсықты аударып шығыпты. Кешегі орнында емес, сәкі үстінде, керегеде ілулі тұр екен. Қолына алды. Бауын шешіп, қымызға салқын ауа жұтқызды. Аузын қайта байлады. Су сүлгіге орап, қоржынға салды. «Енді бір күн түнегенде айтулы қымыз болатын еді», – деді. Әлденеге өкініш білдірді. – Ылдиға жеткенше аши жатар», – деп едім. «Қарғам-ай, шайқалып ашыған қымыз шадыр болады, тыныш жатып ашыған қымыз көнбіс келеді», – деді.
Сөренің төменгі суырмасын ашып, ішінен төрт қырлы әдемі қорап алды. Қораптан алақанның аумағындай жұмыр көзе шықты. Жиде ағашының көзінен шапқан шымқай қызыл ыдыс. Күн сәулесіне тисе шоқтай нұрланғалы тұр. Ернеуінде емшектей бұлтиып кішкене көз қалыпты, кәдімгі ағаштың көзі. Көзді шауып тастаса көзенің қасиеті жоғалады, ұстаның серті осы. Ұстаның ұстасы ғана осылайша жиде жігерінен тозбас, оңбас ыдыс шабады. Соңында аңызға парапар дүние қалдырады.
Есіме енді түсті. «Ақтәтенің қолында Нартай ақын қымыз ішкен көзе бар деуші еді. Сонысы болар» деп ойладым. Анықтап сұрауға батылым бармады. Ақтәте әлгі көзені орамалға ұқыптап орап, қоржынның келесі басына салды.
Күн көтеріле қос аттылы ылдиға жол алдық.
Ат тізгіні барынша босады. Сыр мінез жануарлар жер бауырлай бүлкектетеді кеп. Жол бойы Ақтәте қоржынның торсық салған басын көлеңке жағына алып отырды. Түс әлетінде Арқарбұлаққа келіп түстік. Ақтәте қоржынын жерге қойды, торсықты салқын суға бірауық жатқызды. Сосын барып бауын шешіп қымызға таза ауа жұтқызды. Аузын байлай бастаған. Емініп отырғанымды көрді де: «Қарғам-ай, иіскеп байқашы?» – деді. Сөйтті де торсық ернеуін танауыма тақады. Көзімнен жас шығып кетті, уылжып піскен қауынның ашқылтым иісі көкірегімді ашып жіберді. Елтіп қалғандай болдым. «Ернеуінен иіскегенге осындай, ішіндегі қымызын ішсем талып түсермін, сірә», – деп ойладым, Ақтәтеме айттым, ол кісі көп бажайлаған жоқ, жалғыз-ақ: «Шолпан туа қымызға қаздың бір түйір сүр майын жұтқыздым», – деді. Торсықты сулы сүлгіге қайыра орап, қоржынға салды. Атқа қондық.
Орталыққа кешқұрым қайтқан малмен қосыла кірдік. Көше бойы азан-қазан, у-шу, ауа кілкіген шаң. Ақтаңкер пысқыра бастады. Тұяғы сыртылдаған қой-ешкінің соңында бір-бір бала, үйірлей бөліп алып, томпылдатып қуып барады. Уақ мал ауылға бауырсақтай шашылды. Әлдеқайда жетім қозы маңырайды. Күні бойғы қапырықтан, қатқыл жусаннан қаталаған байғұстар тыпырлап қорасына жетуге асық. Құдық суына аңқасы ауады. Алдымызда есегін қос бүйірден тепкілеп бақташы барады екен. Сәлемдескені сол ма, әлде миы ашыған ба, бізді көрді де киіз қалпағын шешті, ішінен тақиясын алып бетін сүртті, басынан бу шықты. Әлдеқайдан жетім қозының зары естілді. Ағамның еңсесі биік үлкен дарбазалы үйіне қараған мезетте көз алдым қарауытып жүре берді. Үй алды қарақұрым кісілер екен. Аттан ауып түсіп бара жатқанымды ғана білемін.
Жетім қозы мен екем.
Ақтәтем еңіреп тұрып торсық толы қымызды ағамның топырағына төкті.
Жылдар өтті, жақсы ыдыс көнерді. Отызға шықтым. Алда көзге суық, көңілге жат, тайғанақ жолды қырықтың қырқасы жатты. Қырық дегенің шаршаған жүректің сүреңсіз, дамылсыз дүрсілін тыңдау, тағы да жастық аулынан қашықтай түсу, тағы да шаштың сиреуі, тағы да жақсылардың кемуі, тағы да бойдағы күштің сарқыла түсуі еді. Тағы да Ақтәтенің қымызын аңсау еді. Қызыл жидеден шапқан, ернеуінде емшектей ғана көзі бар асыл көзе; кісіліктің, қимастықтың куәсі сол бір ыдыс бұл күнде жеңешемнің сандығында сақтаулы деседі.
Оны көз көрген үлкендер араб сөзінің нәшімен «Яғымус» деп атайтын, ал ауылдың тіл мен жағына сүйенген қылжақбас жастары «Жағымсыз» дейтін.
Өзім ес білгелі осы бір күстана момын жан қос есімді қиналмай көтеріп, шаң көшеде сұр есегін томпылдатып почта тасумен келеді. Мен көргелі жұдырықтай шақылдағы шағын көсе еді, әлі сол. Мұқым өзгермеген. Әкем ергежейліні ылғи есіркеп-мүсіркеп, ұшпақты сөзін аямай, кісімсітіп, қоқайтып жүретін. Еркелетіп «Кішкентай» дейтін. Содан ба, бізге бауыр басып кеткен, көрген жерде үйіріліп тұрады. Қолы босай қалса белінің құяңы ұстай беретін шешеме қолғабыс етеді; аула сыпырады, уақ малды айырысады, самаурынға ағаш жарады. Тынымы жоқ. Кейде көз алдыма домалап жүрген қара доп елестейді, қаңғалақтап бірде ас үйден, бірде ауыз үйден шығады, әмбе көңілді, әмбе сергек сол Яғымус.
Бірде мектептен қайтып келе жатқам, қарсы ұшырасты. Кермалдасқан бейпіл ауыз балаларға ілесіп аңдаусызда «Жағымсыз» деп қалыппын. Ренжіді білем, кірпиязданып кетті. Үйге айтып барыпты. Сол күні мінезі морт әкем қатты кейіді.
– Кісіде кішкентайдың тілі ащы, жәндікте бүйінің уы ащы. Тақуаны мазақтап не жының бар? Тілі тиіп кетіп жүрсе қайтесің?
Бірауықта сабысына түсіп, ойлансын деді ме, Яғымустың тарихын әңгімеледі... «Серіктік артель ұйымдасып жатқан жиырма сегізінші жыл екен. Қатықсыз қара аталаға тамақ күйдіріп, шалбардың жыртығын қолмен басып жүрген кез де. Кеспірі жаман жалғыз аяқ жоқшылық. Жоғары жақтан, ұмытпасам, Бұхардан Пақыриддин деген ғұлама келген. Қасында үйелмелі-сүйелмелі қос кішкентайы бар. Заман дүбірінен үрікті ме, әлде сапырылысып жатқан сол жылдар толқыны пақырды жаңғақша қақпақылдап әкетті ме, кім білген, қаңғымалап жүріп үшкіл Қаратау ішінен шығыпты ғой. Жағына пышақ жанығандай жүдеу. Соғыстан кейінгі құмырадай сәлдесі о күнде зерендей ғана-тын. Медресе тамамдаған көзі ашық кісі көрінді. Келе көрпелдес қазақы ауылды жатсынған жоқ, аз күнде-ақ бауыр басып жақындасып кетті. Жұрт жер жыртса ол өгіздің басын ұстады: орақ орса шалғысын шыңлады. Басы ауырып, балтыры сыздағанды үшкіреді, түшкіреді. Ешкім оның бетін қаққан жоқ, төрінен көсілтіп орын беріп, ас алдында аузына қарады. Жамбасы жерге тигеннің жаназасын шығарды, ағайынның аласына пәтуасын айтты. Сәбидің шашындай селдір елдің «Молдекесі» атанды.